PostHeaderIcon УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ ТУРАЛЫ



Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық еңбектерінде шешуші бағыттары ретінде жаңа қазақстандық патриотизм, қазақстандық халықтардың әл-ауқаты мен өркендеуі, этносаралық және конфессияаралық келісім болып табылатын зайырлы мемлекеттің ғасырдың ортасына дейінгі стратегиялық дамуының жүйелі тұжырмдамасын ұсынды.
Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет - Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылады.

Дінді жамылған экстремистік және террористік идеологияның таралу процесі соңғы уақытта іс жүзінде бүкіл әлемде ауқымды сипатқа ие болып отыр.

Қазақстанда әлемдегі өзінің геосаяси жағдайына қарай, Орталық Азия өңіріне географиялық жағынан жақын Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздыққа орай халықаралық терроризмге байланысты қауіптіліктің туындап отырғаны үнемі ескерілуі қажет.
Қазіргі таңда әлемдегі діни терроризмге байланысты үрейлі үрдістер жұртшылық назарын өзіне аударуда. Өздеріңіз күә болған 2011 жылғы Тараз қаласында орын алған ланкестік акт оқиғасы қауіп қатердің бізден алыс емес екендігін дәлелдейді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін діни сенім бостандығына жол ашылып, қоғамда дінді ұстанушылар саны, әсіресе жастардың дінге деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда кез келген діни ғимараттағы жамағаттың көп бөлігін жастар құрайтыны баршамызға мәлім.
Сонымен бірге, олардың саны тұлғаның діни өзін-өзі тану қажеттілігін ғана емес, қоғамдағы қалыптасқан жалпыға ортақ мәдени және рухани дәстүрлерді бұзу мақсатында құралған жалған діни ұйымдардың белсене қызмет етуіне байланысты өсуде.
Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі таңда облыс бойынша діни бірлестіктер мен филиалдар және өкілдіктердің жалпы саны 317-ні құрайды. Оның ішінде: 275-і мұсылмандар діни басқармасының филиалдары (мешіттер), 42-сі христиандық діни бірлестіктер, 6 - православтық, 1 - рим-католик, 34 - протестанттық, оның ішінде: 9 - «Иегова куәгерлері» діни бірлестіктертер тіркелген. Айта кететін болсақ, қазіргі таңда Қазақстанға шет елдерден келіп жатқан әр түрлі миссионерлердің де саны жылдан жылға ұлғаюда.
Осыған байланысты қоғамдық және рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңыздылығын ескере отырып, жағымсыз үдерістердің алдын алу жұмыстары жоғары оқу орындарының басты назарында болуы тиіс.
Сондай-ақ, Тараз мемлекеттік университетінде тәрбие жұмысының діни экстермизмнің алдын-алу бағыты бойынша студент-жастардың арасында конфессияаралық келісім және толеранттылықты насихаттау, қазақ халқының рухани-мәдениетін және дәстүрлерін нығайту, діни және құқықтық сауаттылықтарын арттыру, деструктивті діни ағымдардың кері әсерін түсіндіру, қоғаммен мемлекеттің зайырлылық қағидаларын студенттердің санасына жеткізу арқылы жүргізіледі.
2013-2014 оқу жылында университетте жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде атқарылды. Осы салада тәрбие жұмысын регламенттейтін Білім және ғылым министрлігінің «Барлық білім беру ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдасын күшейту жөніндегі үлгілік кешенді жоспары» және «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» негіздерінде бірқатар нормативтік құжаттар құрастырылып, бекітілді:
· «М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі 2013-2014 оқу жылына арналған тәрбие жұмысы бойынша іс – шаралар жоспары» (02.09.2013 ж.);
· «Студенттер арасында діни экстермизмнің идеологиясына қарсы иммунитетін қалыптастыру бойынша М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің іс - шаралар жоспары» (02.09.2013);
· Жоғары оқу орнындағы студенттердің жүріс тұрыс этикасы мен негізгі этикалық ережелерін айқындайтын арнайы «М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті студентінің ар-намыс кодексі» (29.10.2013 ж.);
· М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті және Жамбыл облысы Дін істері департаменті арасындағы бірлесскен жүйелі іс-шараларды жүргізуге арналған меморандум (7.02.2013 ж.).
Жалпы аталған жоспарлар бойынша есептік мерзімде факультеттер, құрылымдық бөлімдер мен студенттер жатақханаларында 14 кездесу, 12 дөңгелек үстел, 3 конференция, 5 кітап көрмесі, 2 библиографиялық шолу, 10-нан аса ашық кураторлық сағаттар, 18 дискуссия, 4 пікірсайыс, , 3 жастар акция, 8 арнайы лекция және сауалнама өткізілді.
Атап айтатын болсақ: «Діни экстремизм халықаралық террордың бір бөлігі. Имандылық – бақыттың шыңы, имансыздық – екі дүние мұңы», «Жастар – діни экстремизм мен терроризмге қарсы», «Дін және қоғам», «Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясы мен негізгі белгілері», «Студенттер арасында діни сананың қалыптасуы», «Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп», «Исламдағы – дінаралық келісім» тақырыптарында технологиялық, су шаруашылығы, экология және құрылыс, экономика және бизнес, ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация, гуманитарлық - әлеуметтік ғылымдар факультеттерінде ашық кураторлық сағаттар өткізілді. Кураторлық сағаттар барысында экстремизмнің түрлерін айқындау, лаңкестіктің қауіп-қатерін түсіндіру, исламның мазхабтары туралы, өзге діни бірлестіктер мен жалған діни ағымдардан сақтану жолдары және т.с.с. тақырыптар аясында пікір-таластар өткізілді.
Сонымен қатар, гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар, ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникация, технологиялық, заң, экономика және бизнес факультеттерінде «Дін және қоғам», «Дін және жастар» студенттердің діни сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық һибатулла мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев, медресе ұстазы Исатай Оразов, Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істер басқармасының өкілдері және ректордың тәртіп жөніндегі көмекшісінің қатысуымен бірнеше кездесулер өткізілді.
Факультеттердің академиялық топтарында «Діннің қазіргі таңдағы атқаратын рөлі», «Дін және мәдениет», «Қазақ қыздарына хиджаб киюі міндет пе?» тақырыптарында дөңгелек үстелдер өткізілсе, гуманитарлық – әлеуметтік ғылымдар факультетіне қарасты «Сымбат» қыздар клубының ұйымдастыруымен студент қыздардың арасындағы хиджаб кию себептері мен мәселелерін қарастыру мақсатында, кәсіби психолог маманының қатысуымен арнайы әңгіме-сұхбаттар және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде екі студент қыз хиджабтарын шешіп, университеттің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес киім үлгілерін кие бастады.
Университеттің екі жатақханасында студенттер арасында діни экстремизмнің алдын алу мақсатында «Философия және саясаттану» кафедрасының оқытушылары «Жастарды діни экстремизмнен сақтандыру жолдары», «Діни радикалды ағымдардың ықпалынан абай болайық!» атты арнайы лекциялар оқылды. Университеттің «Аналар Кеңесінің» ұйымдастыруымен №1 технологиялық кешенінің студенттер жатақханасында «Қыздарға әсемдік жарасады» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілсе, студенттік кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Жастар назарына!» атты акциясы өткізілді.
2014 жылдың 26 ақпанында технологиялық факультеті «Діни экстремизм – бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп» атты студенттер арасында тәжірибелік конференцияны өткізіп, экстремизмнің елімізге келтіретін зардаптарын жан-жақты талдап, жастарға ой салу, қатер төндіретін жат діни ағымдардан сақ болу мәселелері қарастырылды.
2014 жылдың 23 сәуір күні ТарМУ-да Жамбыл облыстық прокуратурасы, заң факультетімен бірлесе отырып «Қазіргі заманғы діни экстремизм мен терроризмнің қауіпіне қарсы тұрудың мәселелері мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Көпмәдинеттік ортада конфессияаралық келісімге келу жолдары және терроризм мен діни экстремизмнің саяси әлеуметтік аспектілері», «Халықаралық терроризм мен экстремизм қаупі өсуінің жағдайында ҚР-да ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері», «Конфессияаралық қарым – қатынасты нығайтуда азаматтық қоғам институттарын жұмылдыру» атты секциялары бойынша баяндамалар тыңдалды. Конференцияға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің департаменті, Ішкі істер департаменті, Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Дін істері басқармасы, Мұсылмандары Діни басқармасы және Орыс православтық шіркеудің Тараз Епархиясының өкілдері қатысып, конференция туралы ақпарат республикалық және облыстық БАҚ-да кеңінен жарияланды. Конференция жұмыс қорытындысы бойынша қарар қабылданып, баяндамалар жинағы шығарылуда.
Жалпы университеттегі тәрбие жұмысының басты нәтижесі куратордың академиялық топтармен жүргізілген жұмысына тікелей байланысты. Кураторлардың тәрбие жұмысы бойынша педагогикалық біліктілігін арттыру мақсатында, университетте «Кураторлар мектебі» екінші жыл қатарынан өз жұмысын жүргізуде. Ағымдағы оқу жылында 105 оқытушы Кураторлар мектебінің оқу курсын аяқтады.
Кураторлардың теориялық және әдістемелік дайындық деңгейін көтеру, оларды студенттермен жұмыс жасаудың заманауи үлгілері, тәсілдері және жаңа педагогикалық технологияларымен таныстыра отырып, діни сауаттылықтарын арттыру мақсатында Кураторлар мектебінде «Ханафи мазхабының ұстанымдары мен қазақтың ұлттық құндылықтарының сабақтастығы», «Қазақ халқының қыздарды тәрбиелеу дәстүрлері», «Ислам дініндегі хиджаб кию рәсімі және оның қазақ дәстүріне қатысы», «Студент жастардың діни экстремизм идеологиясының ықпалына берілу қауіпі және оның алдын-алу шаралары» тақырыптары бойынша «Психология және педагогика» кафедрасының профессоры Ж.Т.Сарыбекова, «Философия және саясаттану» кафедрасының доценттері М.Ж.Спанов, Р.Ө.Баярисовтың арнайы дәрістері өткізілді.
Сонымен қатар «Философия және саясаттану» кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің профессор-оқытушыларына арналған «Студент жастар арасында діни радикалды ағымдар идеяларының таралу қауіпі және оның алдын алу бойынша университет оқытушыларының міндеттері», «Базовые духовные ориентиры и взгляды студенческой молодежи к религии», «Діни фанатизм – діни экстремизм мен терроризмнің идеялық-психологиялық негізі», «Діни радикалды ағымдардың наным-сенім ерекшеліктері және оларды студент жастарға түсіндіру қажеттілігі» тақырыптарында лекциялары оқылды.
Ұлтаралық достық пен татулықты, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін одан әрі нығайту, жастарды толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатында, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында «ТарМУ – біздің ортақ үйіміз»  атты факультетаралық өнер сайысы өтті. Студенттер Қазақстанда тұратын әр ұлттың салт-дәстүрі мен тұрмысы, тарихы мен мәдениетінен үзінділер көрсетіп, олардың тілінде мүдірмей сөйлеп, ұлттық киімдерімен таныстырды. Өзбектер, кәрістер, орыстар, ұйғырлар, түркімендер сахнаға шығып, өз елдерінің ұлттық нақыштарын жан-жақты көрсетуге тырысты.
Тәрбие жұмысында көрнекі, бұқаралық ақпараттық құралдарының және интернет ресурстарының тиімділігі айқын.
Сондай ақ, жоғарыда аталған конференция еңбектерінің және «Дін саласына қатысты заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер» жинақтары, студенттерге арналған радикалды діни идеологиясының қауіптілігі туралы ақпараттық буклеттер баспадан шығарылып, таратылды.
«Университет тынысы» газетінде дін саласына қатысты 3 мақала жарияланды.
Университеттің www.tarsu.kz ресми сайтындағы E-Islam ақпараттық-ағартушылық ғаламтор порталы оқырман жастарға Ислам туралы, Ханафи мазхабының рухани исламдық құндылықтары және қазақ жеріндегі діни ағымдар туралы ақпарат беріліп, көкейкесті діни сауал сұрақтарына жауап беру мақсатында құрылған. Порталда қазақ, орыс тілдерінде жастарды теріс пиғылдағы жат ағымдардан әрі күмәнді ғаламтор көздерінен аластауға ықпалы тиетін материалдар қорымен толықтыруда.
Порталдың негізгі мақсаты өскелең ұрпақтың рухани дүниетанымдылығын қалыптастыруына, дамуына ықпал ету. Порталдағы арнайы «жаңалықтар», «мақалалар» айдарында дін саласына байланысты материалдар жарияланады.
Университеттте діни экстремизмнің алдын алу мақсатында студенттерге, профессор-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге арналған бірқатар бейне-фильмдер қоры жинақталған: («Интервью.KZ» (Тимур Козырев), «Адасқандар» , «Айтуға оңай», «Благодать», «Вербовка», «Выход есть», «Діндер съезі», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға арналған», «Діни – экстремистік кітаптар саудасын бақылау қиын болып барады», «Жасампаздық және диалог», «Заңсыз кітап саудасы», «Западня», «Исламдағы дресс-код», «Қатерлі Жихаддизм», «Онлайн экстремизм», «Покаяние», «Проданные души», «Саентология», «Секта», «Сирия мәселесі», «Соқыр сенім», «Табиғи жамағат», «Халифат»). Бейне фильмдер академиялық топтардағы кураторлық сағаттарында және оқу ғимараттарында орналасқан электронды киоскілері арқылы көрсетіліп тұрады.
Қазақ халқының дәстүрлеріне және менталитетіне сай рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында «Әулие - Ата» қазақ ұлттық мәдени орталығымен тығыз байланыста бола отырып, университетте іс-шаралар үнемі ұйымдастырылуда.
Сонымен бірге, ұлтаралық және дінаралық сыйластық қасиеттері қазақ халқына ерекше тән болғандықтан, ұлттық салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрыптарын насихаттау барысында, студент жастар кең көлемде ұйымдастырылып тұратын «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні» және т.с.с. мәдени-көпшілік іс-шараларына белсене қатысады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жас Отан» ЖҚ съезінде «Біз өзімізді мұсылманбыз дегенде халықты орта ғасырға қарай тартпауымыз керек. Біздің қыздарымыз киіп жүрген араб киімі хиджаб біздің жол емес. Тарихымызда мұндай нәрсе ешқашан болмаған. Қазақ әйелдері ешқашан жүзін жауып жүрмеген. Дінді жақсы көреміз, бірақ біздің өз жолымыз, өзіміздің рухани және ұлттық дәстүріміз бар», деп айтқандай, әсіресе қазақ қыздарына қатысты университетімізде республика, облыс және қала көлемінде танымал болып жүрген ұлттық нақыштағы киім үлгілері дайындалынған. Бұл да жастарды қызықтыратын ұлттық дәстүрімізді насихаттау және таратылуының бірден бір түрі болып табылады.
Дегенмен, қазіргі таңда атқарылып отырған жұмыстарға қарамастан, студент жастардың арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру, жаңа тәсілдері мен әдістерін енгізу қажеттілігі туындап отыр.
Сонымен қатар, дінге деген көзқарастары мен қатынасын саралау мақсатында, студенттер арасында өткізілген сауалнамалардың қорытындылары бұл бағытта бірнеше кемшіліктердің бар екендігін дәлелдейді.
Қазір дінге сенушілер санының өсуіне студенттердің көзқарастары, діни нанымдардың қалыптасуына кімнің әсері басым болатындығы, қазіргі қоғамдағы діни мәдениет, діни нормалар мен құндылықтар жайлы мәліметтерді қайдан алуы керектігі туралы және т.с.с. сұрақтар бойынша Облыстық жастар мәселелерін зерттейтін Ғылыми орталығы біздің 1-4 курс студенттері арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнамаға жалпы студенттер санынан 10 % құрайтын, 600 студент қатысты. Сондай-ақ сауалнама қорытындыларына жүгінетін болсақ, мысалы гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар, мұнай, газ және механика факультеттерінің 1 курс студенттерінің толеранттылық көрсеткішінің төменділігі анықталды. Сауалнама нәтижелері бойынша студенттер арасында ер жігіттерге қарағанда қыз баланың дінге деген көзқарасының басым болып келетіні, діннің дұрыс бағыттағы әдебиеттерін пайдаланатын студенттер санының төмендігі және діни нанымдарының қалыптасуына, жастарды мазалап жүрген сұрақтарға, кеңес, бағыт-бағдар беруде кураторлармен оқытушылардың үлесінің төменділігі анықталды.
Осыған байланысты, кураторлардың әлемдік діндер тарихы туралы арнайы дайындықтары, базалық білімдерінің болмауынан және педагогикалық біліктілігінің қанағаттанарлықсыздығынан кейбір академиялық топтарда іс-шаралар формалды, бірізді түрлерінде, әңгімелесулер немесе лекциялармен ғана шектеледі. Осыған орай, кураторлардың жұмыс барысына діни экстермизмнің алдын алуға тиісті ұйымдастырылатын іс-шаралар тек теориалық емес, сонымен бірге семинар-практикум, тренингтік бағдарламалар, тәжірибе алмасу және т.б. белсенді форматтарында өткізілуі талап етіледі. Тәрбие жұмысында «Философия және саясаттану», «Педагогика және психология» кафедраларының тәжірибиелерін кеңінен пайдаланау кураторлардын оқу-әдістемелік сауаттылығын жетілдіруіне өз үлесін қоса алады.
Бүгінгі таңда оқу үрдісінде «Дінтану негіздері» пәнінен тек И.Н. Яблокованың және А.И. Артемьевтың оқулықтары пайдалануда, бірақ жаңа талаптарға сәйкес кітапхана қорын жаңа буын әдебиеттерімен, оның ішінде 2014 жылы баспадан шыққан белгілі ғалым-философ Ғарифулла Есімнің басқаруымен авторлық топпен әзірленген жинағымен толықтыруды қажет етеді.
Ағымдағы оқу жылының басында «Философия және саясаттану» кафедрасына қарасты «Темірқазық» дінтану клубын ашылуы қойылған мақсаттарға сйкес жоспарланған болатын, осыған байланысты жаңа оқу жылынан бастап клубтың қызметін қайта жаңғырту және белсендіру көзделуде.
Айта кететін болсақ, жатақханаларда алыс мекендерден, ауылды жерлерден, шет елдерден студенттердің тұратындарын және олардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, жастардың аса назардан және үнемі бақылаудан тыс қалмауына көңіл бөлінуі өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Бірақ іс жүзінде оқытушылар кезекшілік кезінде, студенттердің бөлмелдерін аралап, сұхбаттасу, олардың көңіл-күйін, тұрмыстық жағдайларын, оқуға дайындықтарын білу, жүріс-тұрыс тәртібін қадағалаудың орнына, керісінше, көбінесе осы мәселелерге немқұрайлықпен қарауда.
Қазіргі таңда ТарМУ сайтында порталының мазмұнын және ақпараттық қорын толықтыру, онда «Пікір-талас алаңы» топтамасын, «Сарапшылар бағанасын» және ой бөлісетін форум, он-лайн конференциялары, жаңалықтар блогтарын уақытылы толықтыруын қамту арқылы сайттың потенциалын толығымен пайдалану мүмкіндігі қажет етеді. Сондай-ақ, «Университет тынысы» газетінің арнайы айдарларында да деструктивті ағымдардың жастардың арасында таралуына қалай қарсы тұру сияқты сұрақтарға арналған мақалалардың жариялануына студенттермен оқытушылардың белсенді тартыуын қамтамасыз ету керек.
Ендігі кезекте осы бағытта жастар ұйымдарының белсенділігі әлсіздік танытып отыруына, шығармашылық студиялары мен спорттық секцияларының студенттерінің санының төмендеуіне орай, олардың белсенді тартылуын қайта жандандыру және конфессияаралық толеранттылықты жастар ортасында насихаттау мақсатында, жастар ұйымы көшбасшыларының және ұйымдарының жұмысын жетілдіруі бойынша жұмыстар жүргізу талап етіліп отыр. Ұлтаралық келісімді, халықтың салт-дәстүрін, ұлтаралық силастыққа, толеранттылыққа бейімдеу, тәрбиелеу барысында, әлеуметтік жастар жобаларын, әртүрлі іс-шараларын патриоттық, қызықтыда мазмұнды өткізілуіне негізделуі керек.
Келесі айта кететін мәселе, жоғары оқу орындары студенттері университет ішкі тәртіп ережесіне сәйкес киінуіне байланысты.
Дегенмен университет ішкі тәртіп ережелері талаптарына және жалпы эстетикаға сай келмейтін киімдерді киіп жүрген студенттер, әсіресе қыздардың хиджаб киуіне еліктеушілігі осы бағытта тәртіпті күшейтуді талап етеді. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3 бабы, 4 тармағында «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден және зайырлы сипатта болады» деп нақты жазылған. Осы заңның ережесін негізге алатын болсақ, университет пен студент арасында жасалатын келісім-шартта бұл мәселеге тиісті талаптарын енгізуді қарастыруға болады.
Дін төңірегінде түйіткілді тақырыптар талқыланып, қоғамдағы діни ахуалға байланысты күмәнді, теріс пиғылдағы жат ағымдарға қарсы алдын алу жұмыстарын жандандыру, жүйелі және тығыз байланыста жұмыстар жүргізу үшін, Жамбыл облысы Дін істері департаментімен және басқа да құзырлы органдармен бірлескен жүйелі іс-шараларды жүргізілуге арналған Меморандумның мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, қайта келісім жасалынса, жұмыстың ары қарай нығайуына айтарлықтай ықпал етер еді.

М.Х Дулати атындағы ТарМУ-дың
тәрбие жұмыстары және әлеуметтік
мәселелер жөніндегі проректор А.Е. Наурызбекова


Жаңартылған (14.10.2014 11:04)