PostHeaderIcon ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДІНИ ТӨЗІМДІЛІКТІ НЫҒАЙТУДА ЖАСТАРДЫҢ ДІНИ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ РОЛІ

Бүгінгі алмағайып та қым-қауыт дүниеде бейбітшілік пен ынтымақ күшейіп, дамуы үшін дінаралық үнқатысу мен төзімділіктің мән-маңызы жоғары. Жалпы алғанда Қазақстанда түрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті құқықтық және ұйымдық жағдайлардың барлығы да жасалған, конфессияаралық қатынастарды үйлестіруге бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптасқан. Қазақстан Республикасындағы дін аясы бірқатар заңнамалық актілермен реттелген, мәселен, Конституция, Азаматтық кодекс, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң және т.б.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 2 тармағында: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге, көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Ал 2011 жылғы қазанның 13 жұлдызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы заңға қол қойды. Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандық халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Әр мұсылманның өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас жасап, татулыққа шақыруы, диалог құруы – оның басты міндеті. Әсіресе, «әһлі кітап» саналған яһудей мен христиан дінімен диалог құру, оларды татулыққа шақыру Ислам дінінде баса айтылған. Тіпті, Ислам дінінде сол екі дін өкілдерімен дінаралық келісім жасап, татулыққа шақырған ең алғашқы адам – хазіреті Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі.
Бейбітшілік орнатуға атсалысу тек қана дінбасыларымен, дінді зерттеумен айналысатын ғалымдардың ғана емес, әрбір мұсылманның төл міндеті саналады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев та бүгінгі әлемнің жаңа тарихында бұрынғы халифалар мен сұлтандардай бір басшы, бір жолбасшы ретінде дінаралық және ұлтаралық татулық пен үндестік идеологиясын жүргізіп, әлемге бейбітшілік шаңырағын тұрғызуға қадам жасаған ең алғашқы, әрі жалғыз басшы еді. Оның «Біз Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әрдайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістіктерімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмтыламыз. Жаңа мыңжылдықта толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз. Астанадағы бас қосу – еліміздің осындай табандай ұстанымының бір көрінісі. Сондықтан, әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезі дүниежүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табу ісінде айтарлықтай рөл атқарады деп есептеймін» – деген сөзі осының бұлтартпас айғағы.
Әлемдегі татулықтың ең басты белгісі – дінаралық үнқатысу. Екіншісі – ұлтаралық үнқатысу мен жарасымдылық. Соңғысы – еларалық үнқатысу мен ымырашылдық.
Қандай қоғам болса да ол бес негіз арқылы өзін сақтай алады. Ол – діннің, жанның, нәсілдің, мал-мүліктің және ақылдың сақталуы. Ал осы бес негіздің ең бастысы – діннің сақталуы. Дінаралық келісім, үндестік және татулық өзін сақтауымен қатар, қалған төрт негіздің де сақталуына арқау болады.
Ұлттар мен діндер арасындағы татулықты сақтау әлемнің көптеген мемлекеттерінде өзекті мәселеге айналып отыр. Қазақстан дербес мемлекет болған сәтінен бастап қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолын таңдады. Қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында дінаралық келісімді сақтау ерекше маңызды мәселе болып табылады. «Дінаралық келісім – біздің халықтарымыздың бірлігінің негізі», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі күні елімізде дінаралық келісімді сақтау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолында үлкен қадамдар жасалып жатыр.
Қазақстан Республикасындағы дін және дінаралық қатынас саласындағы ахуал соңғы екі онжылдықта айтарлықтай өзгерістерге ие болды. Қоғамдағы діннің орны нақтыланып, мәртебесі көтеріліп, қызмет аясы кеңіп, соның нәтижесінде діндарлар мен діни бірлестіктер саны артуда.
Соңғы жылдары әлемде кейбір алпауыт елдердің өздері бір-біріне татулық пен ымырашылдықтың жолдарын іздеп дағдарған шақта Отанымыздың «дінаралық үнқатысу, өзара үндестік» деп әлемді татулыққа шақыруы әлемді елең еткізген үлкен жаңалық болды. Алғашқыда көптеген елдер және дін өкілдері осы съезге күмәнмен қарады. Содан бері әлемдік және дәстүрлі діндердің елордамыз Астанада 4 съезі болып өтіп, дінаралық үнқатысу арқылы әр түрлі адамдардың бір-бірімен түсінісе алатындығына көз жеткізілді. Иә, соңғы ғасырларда дін өкілдерінің арасында осы бағытта іс-әрекет байқалған. Бірақ әр түрлі дін өкілдерінің басын қосып, «Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құрамы ретінде пайдалануымыз керек», - деп татулыққа шақыру соңғы тарих сахнасында болған емес.
Жоғарыда аталып кеткендей, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылдан бері Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 4 съезі болып өтті. Нақты айтқанда: 2003 жылы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезі; 2006 жылы – II Съезі; 2009 жылы – III Съезі; 2012 жылы – IV Съезі.
Президент Н.Ә. Назарваевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастамасы әлемдік қоғамдастықта зор қызығушылық туғызды. Бұл идеяға Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Египет сияқты ірі державалардың басшылары, ықпалды саясаткерлер, көптеген діни конфессиялардың көшбасшылары қолдау білдірді. Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі лидерлерінің төрт съезіне қысқаша тоқталып өтуді жөн санаймын.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I Съезі 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтті. Форумға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, синтоизм, даосизм және басқа да конфессиялардың, 17 діни ұйымының өкілдері қатысты. Съезд алуан түрлі дін өкілдерінің бүкіл ғалам халқының бейбіт және лайықты өмір сүруі жолында ынтымақтастық пен бірлік идеяларының өзектілігін және оны іске асырудың қажеттілігін паш етті. Оның шешімдері Декларацияда көрініс тапты, атап айтқанда әділдік, ақиқат, имандылық, шыдамдылық сияқты мәңгілік құндылықтарды уағыздау әрбір діннің мақсаты болуға тиіс деп атап көрсетілді. Діннің атын жамылып жасалатын экстремизм, лаңкестік және күш көрсету мен қаскүнемдіктің басқа да түрлерінің шынайы дінге еш қатысы жоқ деп мәлімденді. Съездің үлкен жетістігі - Қазақстанның бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен бірлікке қолы жеткен ел ретінде танылғаны. Бұл съезде барлық діни сенім өкілдері арасындағы достық қатынасты дамытудағы Қазақстанның қосқан үлесі ерекше аталып өткен болатын. Съезд діни келісімге қатысты арнайы декларация қабылдады. Сөйтіп, адамзаттың жаңа ХХІ ғасырды бейбітшілік, ынтымақ, өзара түсіністік пен сыйластық ғасыры болар деген үмітінің ақталуына әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезі тиісінше өз ықпал-әсерін тигізді. Ал әлемдік дін өкілдерінің ІІ съезінің қарсаңында Астанада журналистердің «Әлемнің сегізінші кереметі» деп атаған Бейбітшілік пен келісім сарайы ашылды.
2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астана қаласында, Қазақстанда арнайы салынған «Бейбітшілік пен келісім» сарайында әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерінің II Съезі өтті. Съезд «Діни сенім бостандығы және басқа дінді ұстанушыларға құрмет», «Дін лидерлерінің халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі бағыт бойынша «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деген жалпы тақырыпта өтті. Форумға қатысушылар жаһандану жағдайында адамзаттың алдында тұрған ең өзекті мәселелер – діни сенім бостандығы, басқа дін өкілдеріне құрмет және қазіргі мазасыз уақыттағы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерді ескере отырып, дін лидерлерінің халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі туралы мәселелерді талқылады. “Мыңдаған жылдар дін – жан-жүректі тыныштандырудың бастауы, халықтар мен мемлекеттер арасындағы өзара ықыластылықтың факторы қызметін атқарды. Діннің осындай әлеуетімен бүгінгі дүниеде салыстыруға келетін қандай да бір нәрсе бола қоймас”, – деген сөзі дінаралық диалог пен татулықтың ең биік шыңы деп атауға болады. Бұл күнде осындай ғажайып дінаралық келісімді біздің Елордамыз Астанада көру – тарихи оқиға. Пирамида үш бұрышының бір нүктеге тоғысып, бірігуі де осындай татулықтың айқын нышаны.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев форумда сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы өркениет құндылықтарын сақтау және орнықтыру мақсатымен дінаралық серіктестікті нығайтудың, конфессияаралық үнқатысуды одан әрі дамытудың қажеттігі туралы айтты. Сондай-ақ, Елбасымыз қазіргі замандағы конфессияаралық үнқатысудың принциптерін тұжырымдап берді, сонымен қатар әлемдік конфессияаралық татулықтың негізгі 5 қағидасын атап өтті.
1) Ар-ұят пен діни еркіндіктің заңнамалық және институционалдық тұрғыда қамтамасыз етілуі. Конституция негізінде діни немесе басқа да әлеуметтік белгілер бойынша кемсітуге тиым салынады. Еліміз осы саладағы БҰҰ-ның іргелі пактісіне және де адам құқығы бойынша 40 халықаралық келісімге қосылды.
2) Біз мемлекетіміздегі конфессиялардың өз қызметтерін іске асыруға тең және жағымды жағдайлар жасау жауапкершілігін басшылыққа аламыз.
3) Қазақстандағы конфессияаралық диалогқа жағдай жасау маңызды бағыт болып табылады. Біз әрқашан конфессиялар арасында толыққанды сұхбат орнықтыруға тырысамыз. Олардың еліміздегі қоғамдық және мәдени өміріне бірлескен түрде ат салысуын қолдай отырып, әр түрлі қоғамдық бастамалардың орын алуына жағдай жасаймыз. Бұл өз жемісін беруде.
4) Діни экстремизмнің қатаң қадағалануы. Алдын-алу шаралары ретінде, ұлтаралық және конфессияаралық өшпенділікті туғызатын және адамдар арасындағы табиғи айырмашылықтарды баса назарға алып, осы айырмашылықты саяси қарсылық деңгейіне дейін көтеретін діни, этностық және басқа негіздегі саяси партияларды құруға тиым салынды. Діни экстермизмге қарсы ішкі саясат пен қауіпсіздік саласында өңірлермен бірлесіп жұмыс істеу саясаты бағытталған.
5) Қазақстан конфессиялардың өз діни орталықтарымен еркін қарым-қатынасын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауды маңызды санайды. Жалпы алғанда, әлемдік діндердің белсенді түрде ынтымақтасып жұмыс істеуін қолдайды.
2009 жылғы 1-2 шілдеде өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III Съезіне әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысты. Форумның 300-ден астам қатысушысының арасында барлық негізгі діни конфессиялардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ қауіпсіз және тұрақты әлем құру мақсатымен мәдениеттер мен діндер арасында ашық үнқатысу жүргізудің игі идеясы бастарын қосқан дінаралық және өркениетаралық үнқатысу мәселелерімен шұғылданып жүрген саясаткерлер, көрнекті қайраткерлер мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.
Съездің «Дін басшыларының толеранттыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлемді құрудағы рөлі» деген тақырыпта белгіленген жалпы отырысында дінаралық үйлесімді жетілдіру, өзара құрмет, діни негізде туындайтын қақтығыстардың алдын-алу және болдырмау қажеттілігіне байланысты қазіргі заманғы маңызды мәселелер көтерілді.
ІІІ Съезде тарихта тұңғыш рет дүниежүзі және дәстүрлі діндер басшылары бірге бас қосып, бірлесіп құжат қабылдады. Съезд өркениетаралық және мәдениетаралық пікір алысудың жаһандық үрдісіне қосылған елеулі үлес болып табылады. Оған қатысушылар осынау көпполярлы әлемде полиэтностық және конфессиялық пікір алысу жолымен небір қиын мәселелерді шешуге болатынына көздерін жеткізді.
Алдарына қойған мақсатқа жету жолында діни басшылар 2012 жылғы 30-31 мамырда Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті IV Съезінің басты тақырыбы ретінде «Бейбітшілік және келісім – адамзат таңдауы» тақырыбын анықтады. Съезге қатысушылар – көрнекті діни қайраткерлер, танымал теологтар, саясаткерлер және қоғам қайраткерлері секциялық отырыстар шеңберінде «Діни басшылардың тұрақты дамудағы рөлі», «Дін және мәдениеттер әралуандығы», «Дін және әйел: діни игіліктер және қазіргі уақыт сыны», «Дін және жастар» сияқты дүниежүзілік қауымдастыққа маңызды тақырыптарды талқылады.
IV Съезд аясында Форум институттарының қалыптасуы жалғасты. Атап айтқанда, үйлестіруші орган «Діни лидерлер кеңесі» құрылды. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезінің пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық толеранттылық пен сенімнің қалыптасып, нығаюына арналған, G-Global порталының құрамдас бөлігі болатын интернет ресурсын түзуді ұсынды.
Өзінің 10 жылдық тарихы ішінде Съезд өз дамуының күрделі жолынан өтіп, әралуан дін және конфессия өкілдерінің ірі халықаралық сұхбаттасу алаңына айналды. Съездер шеңберінде өркениетаралық және дінаралық қарым-қатынастардың өзекті мәселелері мен дін басшыларының бейбітшілік және келісім орнату жолдары талқыланды және аталған мәселелер болашақта әрі қарай қарастырылмақ.
Астанада өткен төрт съездің жұмысына ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм және басқа діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің сұхбат алаңында діни қауымдар арасындағы рухани жақындасу хақында келелі әңгімелер болды, сондай-ақ, әлем азаматтарына, халықтарына және үкіметтеріне арналған үндеулер қабылданды. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осы бір кездесуінде конфессияаралық келісім мен диологтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: толераттылық,өзара құрметтеу мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл қағидалар Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың да негізін құрайды.
Ағымдағы жылдың, яғни 2015 жылдың 10-11 маусымында Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтеді. Бұл съезд діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуына арналады.
Қорыта келгенде, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – қазіргі кезде дәстүрлі емес діни ағымның жетегіне еріп кетуге жастар бейім тұрады. Рухани кемелдену мен өмірдің алуан түрлі сұрағына жауап іздей жүріп олар осылайша «рухани құндылыққа» ұрынуы әбден мүмкін. Сондықтан, азаматтардың адасқан ағымға икемделіп кетпеуі үшін діни ағарту мен өзге елдердің және түрлі діндердің негізін жүйелі түсіндіру жұмыстарын қолға алуы керек. Себебі, жастардың діни сауаттылығының артуы мен қай діннің дұрыс, қай діннің бұрыс екенін анықтай алатын дәрежеге жетуі діни бұзақылықтың тарамауына кепіл болады және тарихи сенімі мен дәстүрлі дініне деген құрмет, қоғамдағы тәртіп пен толеранттылыққа жағдай жасайды.
Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Ал, сол білімді жастарға ең негізгі қызмет ететін тұлғалар – оқытушылар қауымы. Сондықтан да, теориялық тұрғыда «Дінтану» пәнін оқытумен қатар профилактикалық негізде «Дінтану» орталықтарының жоғарғы оқу орындарында, сондай-ақ басқа да оқу ордаларында ашу арқылы оңды нәтижеге жетуіміз мүмкін.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2014 жылдың 24 тамызында Ұлытаудағы сұхбатында дін мәселесіне байланысты сөз қозғаған болатын. «Біз, діннен де, тілден де айырыла жаздаған елміз. Кейіннен, яғни тәуелсіздік жылдарында біз дінімізді қайтарып келе жатырмыз. Қазақ ешқашан дінінен айырылған емес. Әрдайым дінді ұстанып келген және ұстанатын халықпыз. Бұрынғыдай қорықпай дінге бас иіп, құлшылық жасап, мешіттер салдырып жатырмыз, қанша білімді азаматтарды, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап жатырмыз. Өзіміздің дініміз, дәстүріміз тұла бойымызға баяғыдан біткен. Дінді өзара ішке бөліп, бір дін ішінде қан төгіп, соғысып жатқан католиктер қанша? Сондықтан біз сол үшін абайлауымыз керек. Діннің жаман жағына түсіп кетпеуіміз керек. Дінді имандылыққа жақындату, діннің жақсы жақтарын алу керек», - деген болатын. Елбасымыздың ойы яғни, кемтарларға көмектесу, бір-бірлеріне жаны ашу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеу, Отанын қорғау, бірлікке шақыру, осының барлығы діннен басталады. Елбасымыз атап өткендей: «біздің этносаралық және дінаралық келісімнің моделі – ол әртүрлі конфессиялардың өзара әрекеттесуінің бүкіл әлемдік процессіне Қазақстанның қосқан шынайы үлесі».
Дін – өркениет діңгегі, сондықтан имандылыққа, патриоттыққа баулуда имандылық ордаларымен қатар, қоғамның барлық институттары мен билік орындары да қол ұстаса отырып, ілгері қадам басуы керек. Міне, сонда ғана аспанымыз ашық, іргеміз тыныш болып, мемлекетіміздің мәртебесі биіктей түседі.

М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың
«Философия және саясаттану»
кафедрасының оқытушысы, дінтану магистрі
Алтынбекова З.Т.